215

«Алдымен чемпион болсын»: Конор Макгрегор Шавкат Рахмоновқа шарт қойды

UFC 329 турнирінде Макгрегор бес жылдық үзілістен кейін октагонға қайта оралады.

«Алдымен чемпион болсын»: Конор Макгрегор Шавкат Рахмоновқа шарт қойды
Jeff Bottari/Zuffa LLC via Getty Images, Steve Marcus/Getty Images

Ирландиялық UFC жұлдызы Конор Макгрегор қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай кездесуді қарастыру үшін Рахмонов алдымен чемпиондық белбеуді жеңіп алуы керек. Бұл туралы «Спорт Шредингера» басылымы жазды.

UFC 329 турнирі алдындағы Лас-Вегаста өткен баспасөз мәслихатында журналистер Макгрегордан жартылай орта салмақтағы басты үміткерлердің бірі саналатын Шавкат Рахмонов туралы сұрады. Бұған дейін қазақстандық спортшы ирландиялық Иан Гэрриді жеңген болатын.

Макгрегор Рахмоновтың ауыр жарақат алып, қазір оңалу кезеңінен өтіп жатқанын білетінін айтты.

«Ол алдымен толық қалпына келсін. Қазір мен ол туралы көп ойламаймын. Оған әлі көп еңбек ету керек. Ол маған не ұсына алады? Чемпиондық белбеу ме? Алдымен сол титулды жеңіп алсын. Сонда ғана оны қарсылас ретінде қарастырамын. Ол жаман спортшы емес», – деді ирландиялық файтер.

12 шілдеге қараған түні Лас-Вегаста UFC 329 турнирі өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде Конор Макгрегор Макс Холлоуэймен кездеседі. Бұл ирландиялық спортшының соңғы бес жылдағы алғашқы айқасы болмақ.

Макгрегор соңғы рет 2021 жылдың шілдесінде октагонға шығып, Дастин Порьемен өткен үшінші жекпе-жекте аяғын ауыр сындырып алған еді. Кейін Майкл Чендлермен кездесуі жоспарланғанымен, жаңа жарақатына байланысты турнирден бас тартты.

Ал Шавкат Рахмонов соңғы кездесуін UFC 310 турнирінде өткізіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Иан Гэрриді жеңді. Осы жекпе-жектен кейін қазақстандық файтер жарақатын емдеуге кірісті.

Материал авторы