Үш жол апатынан кейін Данияр Елеусіновке сот үкімі шықты
Сот отырысында Данияр Елеусінов өз кінәсін толық мойындап, қамауға алынды.
2016 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновке қатысты үш жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік іс қаралып, сот шешімі шықты.
Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының мәліметінше, іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі бойынша қаралған.
Сот анықтағандай, Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндеп, Астана көшелерінде қозғалыс кезінде үш бірдей жол-көлік оқиғасына себеп болған.
Материалдарға сәйкес, жүргізуші:
жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған;
кейін басқа автокөлікпен соқтығысып, инерциямен тағы бір көлікті қағып кеткен;
одан соң Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққы салдарынан ол Toyota Hilux көлігіне соғылған.
Оқиғалардың салдарынан бірнеше көлікке механикалық зақым келіп, материалдық шығын келген.
Сот мәліметінше, құқық бұзушылық жасаған адамның кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен, әкімшілік хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, қатысушылардың түсініктемелерімен және өзге де дәлелдермен расталған. Медициналық сараптама нәтижесінде Елеусіновтің жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот отырысында Данияр Елеусінов өз кінәсін толық мойындаған. Сонымен қатар әкімшілік қамауды қолдануға кедергі болатын мән-жайлар анықталмаған.
Осыған байланысты сот оған 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Олимпиада чемпионының Астанада ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін елордалық полиция Toyota Land Cruiser жүргізушісінің бірнеше жол апатына себеп болып, оқиға орнынан кеткенін растағанымен, оның аты-жөнін жарияламаған еді.
Материал авторы