Аптап, дауыл, бұршақ: 10 шілдегі қауіпті ауа райы болжамы шықты
Қазақстанның басым бөлігінде қатты ыстық пен өрт қаупі сақталады.
«Қазгидромет» 10 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялап, елдің бірқатар өңірінде аптап ыстық, найзағай, бұршақ, шаңды дауыл, қатты жел және жоғары өрт қаупі күтілетінін хабарлады.
Ең жоғары ауа температурасы Түркістан және Қызылорда облыстарында тіркелмек. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы 40–42 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ Жамбыл облысында 38–40 градус, Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Астана және басқа өңірлерде 35–38 градусқа дейін қатты ыстық болады.
Найзағай, жаңбыр және бұршақ күтілетін өңірлер
Өткінші жаңбыр мен найзағай Жетісу облысының таулы аудандарында, Алматы облысының Іле Алатауы аумағында, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының жекелеген аумақтарында болжанып отыр.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал.
Қай өңірлерде қатты жел мен шаңды дауыл болады?
Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні:
Жетісу облысында – 23–28 м/с;
Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының таулы бөліктерінде – 15–23 м/с;
Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және басқа өңірлерде – 15–20 м/с болады.
Ал Түркістан және Қызылорда облыстарында күндіз шаңды дауыл күтіледі.
Өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады
Төтенше өрт қаупі:
Жетісу облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде;
Түркістан облысының батысы, солтүстігі және орталығында;
Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстарының бірқатар аумақтарында сақталады.
Жоғары өрт қаупі Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Жамбыл, Ақмола және өзге өңірлердің жекелеген аумақтарында болжанып отыр.
Түнгі және таңғы уақытта Солтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының кей бөлігінде тұман күтіледі.
Материал авторы