2341

Түркияда 18 жастағы қазақстандық қыз қаза тапты

Отандасымыздың өліміне байланысты Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.

Түркияда 18 жастағы қазақстандық қыз қаза тапты
pexels.com

Түркияның Анталия қаласында жол-көлік оқиғасынан көз жұмған 18 жастағы Қазақстан азаматына қатысты Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берді.

Басылымның мәліметінше, марқұмның туыстары редакцияға хабарласып, қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндаған.

Олардың айтуынша, 2008 жылы туған бойжеткен биылғы 15 маусымда Анталияда болған жол апаты салдарынан қаза тапқан. Ол Түркияда өндірістік тәжірибеден өтіп, қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген.

Туыстарының сөзінше, оқиға болған күні қыздың іші ауырып, өзін жайсыз сезінген. Осыдан кейін ол танысынан өзін ауруханаға жеткізіп салуды сұраған. Алайда жолда олар мінген мотоцикл жол апатына ұшыраған.

Салдарынан жүргізуші мотоциклден ұшып кеткен, ал қазақстандық қыз ауыр жарақат алған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Марқұмның жақындары қайғылы оқиғаның жан-жақты тергелуіне көмек көрсетуді сұраған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қайғылы жағдайға байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсеткен. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеу, Түркияның құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасау және мәйітті елге жеткізуді ұйымдастыру жұмыстары болған.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, марқұмның денесі Қазақстанға 17 маусымда жеткізілген. Репатриация жұмыс беруші мен серіктес ұйымдардың қолдауымен тегін ұйымдастырылған.

Сыртқы істер министрлігі қаза болу дерегі Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының бақылауында екенін атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық дипломаттар бұл мәселе бойынша Түркияның құзырлы органдарымен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Материал авторы