1303

Атырауда қайыршы туралы жалған ақпарат тұрғындарды дүрліктірді

Дәрігерлер ер адамның толық емделіп, қоғам үшін қауіпсіз екенін ресми түрде растады.

Атырауда қайыршы туралы жалған ақпарат тұрғындарды дүрліктірді
Halyqstan

Атырауда әлеуметтік желіде тараған жалған ақпарат қайыр сұрап жүрген ер адамды қаладағы «ең қауіпті адамға» айналдырып, тұрғындар арасында негізсіз үрей туғызды. Бұл туралы Halyqstan басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, қала тұрғыны сауда үйі «Көктем» маңында қайыр сұрап жүрген ер адамды ашық түрдегі туберкулезбен ауырады деп айыптап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған.

Бұл ақпарат бірнеше сағат ішінде жергілікті пабликтерде кең тарап кеткен. Әйел мұнымен тоқтап қалмай, полиция шақырып, ер адамды қоғамнан оқшаулауды талап еткен.

Құқық қорғау органдары ер адамды облыстық туберкулезге қарсы ауруханаға жеткізген. Алайда дәрігерлер оны мәжбүрлі түрде емдеуге немесе ауруханаға жатқызуға ешқандай негіз жоқ екенін анықтап, босатқан.

Соған қарамастан, шағымданушы полицияны тағы да шақырған. Ер адам екінші рет дәрігерлердің тексеруінен өткенімен, нәтижесі өзгермеген. Кейін ол бұрынғыдай «Көктем» сауда үйінің маңына қайта оралған.

Ал әлеуметтік желіде тараған қауесет өз әсерін тигізген. Тұрғындар ер адамнан жұқпалы ауру жұқтырып аламыз деп қауіптеніп, одан алыс жүре бастаған. Соның салдарынан ол күні бойы дерлік ешқандай садақа алмаған.

Оқиға қоғамда кең талқыланғаннан кейін Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, ер адамның бұрын туберкулезбен ауырғаны рас. Алайда ол толық ем қабылдап, қазіргі уақытта айналасындағыларға ешқандай қауіп төндірмейді.

Басқарманың хабарлауынша, азамат Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығында 2025 жылғы 2 маусымнан 2026 жылғы 23 мамырға дейін бір жылға жуық стационарлық ем алған.

Қорытынды зертханалық тексерулердің нәтижесінде оның ағзасында туберкулез қоздырғышының бөлінуі толық тоқтаған. Барлық талдау теріс нәтиже көрсеткендіктен, ол қоғам үшін қауіпсіз деп танылып, ауруханадан шығарылған.

Осылайша, әлеуметтік желідегі дәлелсіз ақпарат бір күн ішінде қарапайым қайыршыны көпшіліктің күдігін туғызған адамға айналдырып, оның күнделікті тіршілігіне кері әсерін тигізді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор