1751

«Бұл қоқысты кім тыңдайды?»: Көкшетауда қазақ әндерін қорлаған әйел қамалды

Барбершоптағы дау қазақ тіліндегі әндерді қосуға қатысты келіспеушіліктен басталған.

«Бұл қоқысты кім тыңдайды?»: Көкшетауда қазақ әндерін қорлаған әйел қамалды
бейнежазбадан

Көкшетау қаласының тұрғыны қазақ тіліндегі әндерді көпшілік алдында қорлағаны үшін 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында Көкшетаудағы барбершоптардың бірінде болған. Бұл туралы Ақмола соты жазды. 

Мәліметке сәйкес, салон қызметкерлерінің бірі қазақ орындаушыларының әндерін қосуды ұсынған. Алайда әріптесі бұған қарсылық білдірген. Сот баспасөзінің жазуынша, ұжымда грузин, түрік және орыс тіліндегі әндер еркін қойылып жүрген.

Жәбірленуші Алмагүлдің айтуынша, ол өзіне ұнайтын әндерді қосқаннан кейін жұмыс орнынан уақытша шығып кеткен. Кейін қайтып келгенде музыканың өшірілгенін байқап, себебін сұраған.

Оның сөзінше, әріптесі:

«Мен саған айттым ғой, біз ондайды тыңдамаймыз. Мұндай қоқысты кім тыңдайды?!» деп жауап берген.

Осыдан кейін екеуінің арасында сөзге келу орын алған.

Сондай-ақ әріптесі қазақ әндерін тек үйінде тыңдау керектігін айтқан.

Сот аталған әрекеттерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес ұсақ бұзақылық деп таныды.

Нәтижесінде әйелге 8 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Еске салайық, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс 2026 жылдың наурыз айында қозғалған болатын.

Басылым бұған дейін Шымбұлақ тау-шаңғы курортындағы мейрамханада болған даулы жағдайды да еске салды. Онда қызметкер келушіге қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, бұл әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кейін мейрамхана ресми кешірім сұрап, қызметкер жұмыстан шығарылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор