Алматы облысында мылтықтан оқ атқан қыз жазаланды
Видеодан кейін полиция әрекет етіп, қыз бен қару иесін ұстады.
Алматы облысында әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін мылтықтан оқ атқан қыз бен қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Интернетте кең тараған видеода қыз тегіс ұңғылы мылтықпен ауаға оқ атады, кейін қаруды ұстап ат үстінде отырғаны және көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны көрінеді.
Жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланған.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында оқиғаға қатысқан барлық тұлғалардың жеке басы анықталған.
Полицияның хабарлауынша, тегіс ұңғылы қарудың иесі мылтықты басқа адамға берген. Кейін оның рұқсатымен қыз қаруды арнайы белгіленбеген жерде қолданып, ауаға оқ атқан.
Аталған заң бұзушылықтарға байланысты оқиғаға қатысқан екі адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары қаруды өзге адамға беру және оны арнайы рұқсат етілмеген жерде пайдалану заң талаптарын бұзу болып саналатынын еске салды.
Сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін заңнамада жауапкершілік көзделгені атап өтілді.
Материал авторы