Қазақстанға аптап ыстық келе жатыр
Кей өңірлерде ауа температурасы 46 градусқа жетеді.
Еліміздің көптеген өңірінде алдағы күндері аптап ыстық күшейіп, кей аймақтарда ауа температурасы +45…+46 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар найзағай, бұршақ, шаңды дауыл, екпінді жел және өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.
11 шілдеде Астанада күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін ысиды.
Ақмола облысында солтүстік және шығыс аудандарда жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Батыс және оңтүстік аудандарда ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, өрт қаупі жоғары болады.
Жетісу облысында таулы аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай болжанады. Күндіз 35-39 градус ыстық сақталып, өңірдің солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланған.
Қызылорда облысында 11 шілдеде шаңды дауыл соғып, ауа температурасы 40-43 градусқа дейін жетеді. 12-15 шілде аралығында да 40-42 градус аптап ыстық сақталады. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі күшінде.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болжанып отыр. Күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі.
Қостанай облысында 11-13 шілде аралығында 40 градусқа дейін өте қатты ыстық күтіледі. Кей жерлерде найзағай, бұршақ және дауыл болуы мүмкін.
Атырау облысында 11-16 шілде аралығында ауа температурасы 35-39 градус, ал 11, 12 және 17 шілдеде кей аудандарда 40-42 градусқа дейін жетеді. Кей жерлерде жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Павлодар облысында жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжанса, 12-15 шілде аралығында 35-38 градус ыстық сақталады.
Түркістан облысында 11-15 шілдеде күндіз 40-43 градус ыстық болады. Ал 16 шілдеде өңірде ауа температурасы 45-46 градусқа дейін көтеріліп, ең жоғары көрсеткіш тіркелмек. Кей жерлерде шаңды дауыл мен найзағай күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында 12-15 шілде аралығында 35-39 градус аптап ыстық болжанса, кей аудандарда жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі.
Ақтөбе облысында 11-15 шілде аралығында ауа температурасы 35-39 градус болады. Кейбір аудандарда 40-42 градус өте қатты ыстық күтіледі. Сонымен қатар жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болуы ықтимал.
Алматы облысында 11-15 шілде аралығында 35-39 градус ыстық сақталады. 16-17 шілдеде кей жерлерде ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ 13-14 шілдеде таулы аймақтарда нөсер жаңбыр салдарынан өзендерде су деңгейінің көтерілуі, су басу қаупі бар.
Шығыс Қазақстан облысында 12-16 шілде аралығында 35-38 градус ыстық күтіледі. Кей аудандарда жаңбыр, бұршақ, найзағай және екпіні секундына 23 метрге жететін жел соғады.
Маңғыстау облысында 11-17 шілде аралығында ауа температурасы 43-46 градусқа дейін көтеріліп, ең ыстық өңірлердің бірі болады.
Абай облысында 12-15 шілде аралығында 35-39 градус ыстық сақталады. Кей аудандарда найзағай, бұршақ және дауылды жел болжанады.
Жамбыл облысында 11-14 шілдеде ауа температурасы 38-42 градус, ал 15-16 шілдеде 43-44 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік-шығыс бөлігінде шаңды дауыл күтіледі.
Ұлытау облысында 11-15 шілде аралығында күндізгі ауа температурасы 40-41 градусқа дейін жетеді.
Қарағанды облысының оңтүстігінде 12-17 шілде аралығында 40 градус өте қатты ыстық болады. Өңірде күшті жел мен жоғары өрт қаупі сақталады.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөлігінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Материал авторы