1509

2 млрд теңге: Астанада қылмыстық топ мүшелері ұзақ мерзімге сотталды

Банк пен ХҚКО қызметкерлері қатысқан автокөлік алаяқтығының жай-жапсары белгілі болды.

2 млрд теңге: Астанада қылмыстық топ мүшелері ұзақ мерзімге сотталды
бейнежазбадан

Астанада автокөлікке қатысты ірі алаяқтық ісі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен оның мүшелеріне сот үкімі шығарылды. Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар орындығында 13 адам болды. Бұл туралы «Жетінші арна» хабарлады.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ 96 автокөлікті заңсыз иемденген. Бұдан бөлек, тек құжат жүзінде ғана болған 47 «виртуалды» көлікке несие рәсімдеген. Келтірілген жалпы шығын 2 млрд теңгеге жуық.

Айыпталушылар арасында қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, оған көмектескен екі банк қызметкері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының үш қызметкері, сондай-ақ көліктерді тасымалдаумен және қайта сатумен айналысқан адамдар болған.

Тергеу барысында алаяқтардың екі түрлі схеманы пайдаланғаны анықталды.

Бірінші жағдайда азаматтарға автокөлікті несиеге алып, кейін оны жалға беру арқылы тұрақты табыс табуға болады деген ұсыныс жасалған. Алайда көлік рәсімделгеннен кейін оны алаяқтар өз иелігіне өткізіп, қысқа мерзімде сатып жіберген.

Екінші схемаға ХҚКО қызметкерлері тартылған. Олар шын мәнінде жоқ автокөліктерге жалған құжат рәсімдеп, соның негізінде несие алуға мүмкіндік жасаған.

Сот шешімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлеріне 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Материал авторы