1460

Air Astana Астанадан Дубайға ұшқан ұшағын кері қайтарды: рейстерге өзгеріс енгізілді

Жолаушыларға билет құны толық қайтарылатын болды.

Air Astana Астанадан Дубайға ұшқан ұшағын кері қайтарды: рейстерге өзгеріс енгізілді
t.me/PR_AirAstana

Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделенуіне байланысты Дубай бағытындағы рейстерге өзгеріс енгізді. Астанадан ұшып шыққан ұшақ кері қайтарылып, Алматыдан жоспарланған рейс тоқтатылды. Бұл туралы Air Astana компаниясы мәлімдеді.

Әуе компаниясының хабарлауынша, 12 шілде күні таңғы сағат 07:10-да Астанадан Дубайға бағыт алған KC205 рейсі қауіпсіздік шараларына байланысты ұшу әуежайына қайта оралады.

Сонымен қатар, Алматы–Дубай бағыты бойынша жоспарланған KC897 рейсі орындалмайды. Бұл рейс 12 шілде күні сағат 08:50-де ұшуы тиіс болған.

Air Astana жолаушыларға билет құны толық көлемде қайтарылатынын мәлімдеді. Қайтарым билетті сатып алған орын арқылы рәсімделеді.

«Компания жағдайды мұқият бақылап отыр және жолаушыларды тасымалдау мәселелерін шешуде. Жолаушылардан рейстердің мәртебесін үнемі тексеріп отыру сұралады, себебі ұшу және қону уақыттарына өзгерістер енгізілуі мүмкін», – делінген әуе компаниясының хабарламасында.

Бұған дейін Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс күшейгені хабарланған болатын. Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы арқылы қозғалыстың қайтадан толық бұғатталғанын мәлімдеді. АҚШ Иран аумағына жаңа соққылар жасаған, ал Иран өз кезегінде Таяу Шығыстағы америкалық базаларға шабуылдар жасағанын хабарлады.

Материал авторы