950

Бұрынғы вице-министр мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

Ерлан Қожағапанов 2025 жылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға сотталған болатын.

Бұрынғы вице-министр мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
Kazpravda.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов сот шешімімен жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстырып, бостандыққа шықты. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Әлеуметтік желілерде Ерлан Қожағапановтың мерзімінен бұрын босатылғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін бұл мәліметке ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, сотталған азамат қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан. Соттың қаулысымен оның жазасының өтелмеген екі айлық бөлігі жеңілірек жаза түріне – айыппұлға ауыстырылған.

Еске салайық, 2025 жылдың мамыр айында Ерлан Қожағапанов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жеке компанияның мүддесіне әрекет етіп, 2018 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға қатысты келісімшарттың жасалуына ықпал еткен.

Іс барысында мемлекеттік айыптаушы Ақтөре Беріков Қожағапановқа жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Прокурордың айтуынша, 910 миллион теңгеден астам қаражат үлестес компаниялармен жасалған жалған келісімшарттар арқылы шығарылған.

Алайда сот бұрынғы вице-министрді қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға соттады. Кейін, 2025 жылдың қыркүйегінде апелляциялық саты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Енді сот шешіміне сәйкес, жазаның өтелмеген соңғы екі айы айыппұл төлеумен алмастырылып, Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты.

Материал авторы