945

Шымкенттегі қанды қылмыс: Нұрай Серікбайдың отбасы сотты тікелей эфирде өткізуді талап етпек

Жәбірленуші тарап істің әділ әрі ашық қаралуы үшін сот процесін тікелей эфирде көрсетуді талап ететінін мәлімдеді.

Шымкенттегі қанды қылмыс: Нұрай Серікбайдың отбасы сотты тікелей эфирде өткізуді талап етпек
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Марқұмның отбасы сот процесінің барынша ашық өтуін талап етіп, оны тікелей эфирде көрсетуді сұрамақ.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, іс материалдарын прокурор Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған.

Адвокаттың сөзінше, сотқа дейінгі тергеу толық аяқталған. Енді іс мәні бойынша қаралады.

Оның айтуынша, жәбірленуші тарап істің жан-жақты, толық әрі объективті қаралуын қамтамасыз ету үшін заңда көзделген барлық мүмкіндікті пайдаланбақ.

– Істің жан-жақты, толық және объективті қаралуы үшін заңда қарастырылған барлық шара қабылданады. Сонымен қатар сот процесінің тікелей эфирде көрсетілуін талап етеміз, – деді Аянхан Омаров.

Еске салайық, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің маңында болған.

Тергеу мәліметінше, қылмысқа Шерхан Аймахан күдікті. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалған.

Күдікті оқиға орнынан автокөлікпен кетіп қалғанымен, кейін ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Марқұм Нұрай Серікбай 21 жаста болған. Ол ата-анасымен бірге қайғылы оқиға болған жерге жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйде тұрған. Отбасындағы кенже бала болған, екі ағасы бар.

Марқұмның туыстары күдіктінің бұған дейін де Нұрайды күштеп алып кеткенін мәлімдеген.

Бұл іске Ішкі істер министрлігі ерекше бақылау орнатқан.

Сонымен қатар 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты пікір білдіріп, Ішкі істер министрі мен Бас прокуратураға оқиғаға құқықтық баға беруді тапсырған.

Сол күні қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, оның бірінші орынбасары қызметінен босатылып, тағы бірнеше ішкі істер органы қызметкері жұмыстан шығарылғаны белгілі болды. 

Материал авторы