805

Телефон алаяқтары 76 жастағы астаналықтың 20 млн теңгесін иемдене жаздады

Алаяқтар емхана қызметкерлері ретінде хабарласып, 76 жастағы әйелдің барлық жинағын иемденуге әрекет жасаған.

Телефон алаяқтары 76 жастағы астаналықтың 20 млн теңгесін иемдене жаздады
Астана ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздаған 76 жастағы зейнеткер 20 миллион теңгеге жуық жинағын соңғы сәтте сақтап қалды. Оқиғаға полиция араласып, қылмыстық әрекеттің жолын кесті.  

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз адамдар әйелге хабарласып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған.

Олар дәрігердің қабылдауына жазу сылтауымен зейнеткерді телефонға келген SMS-хабарламадағы растау кодын айтуға көндірген.

Осыдан кейін алаяқтар психологиялық қысым көрсету тәсілдерін қолданып, әйелмен байланысты үзбей сөйлесіп отырған. Кейін оны үйінен шығып, саябаққа баруға көндіріп, келесі нұсқауларды сол жерде күтуге мәжбүрлеген.

Полицияға ықтимал алаяқтық туралы ақпарат түскеннен кейін қызметкерлер дереу оқиға орнына барып, зейнеткердің жүрген жерін анықтаған.

Осылайша тәртіп сақшылары заңсыз әрекетті тоқтатып, әйелдің ақшасының қолды болуына жол бермеді.

Полицияның мәліметінше, зейнеткердің банк шоттары мен депозиттеріндегі барлық қаражаты толық сақталған.

Оқиғадан кейін тәртіп сақшылары әйелмен профилактикалық әңгіме өткізіп, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін және күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, банк мамандары немесе медицина ұйымдарының өкілдері ешқашан телефон арқылы SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді немесе басқа да құпия ақпаратты сұрамайтынын тағы бір рет ескертті.

Егер осындай қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, ешқандай жеке мәліметті жарияламау қажет. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор