802

Бүгін бірнеше өңірде 45 градусқа дейін ыстық болады

«Қазгидромет» 14 шілдеге дауылды ескерту жариялады.

Бүгін бірнеше өңірде 45 градусқа дейін ыстық болады
REUTERS/Remo Casilli

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 14 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталып, найзағай, бұршақ, дауыл, шаңды дауыл және қатты жел күтіледі. Сонымен қатар көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Елдің солтүстік және орталық өңірлерінде тұрақсыз ауа райы болжанып отыр.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 23–25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кейбір өңірлерде желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Ал Маңғыстау облысында найзағаймен бірге шаңды дауыл күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түсуі ықтимал.

Сонымен қатар синоптиктер бірнеше өңірде қауіпті ыстық сақталатынын ескертті.

Қызылорда облысында 14–18 шілде аралығында ауа температурасы 37–43 градусқа дейін көтеріліп, облыстың оңтүстігінде 45 градусқа дейін жетеді.

Жамбыл облысында 14–19 шілде аралығында 37–42 градус ыстық сақталады. Ал 15–17 шілде күндері кей жерлерде ауа температурасы 43–44 градусқа дейін көтеріледі.

Жетісу облысында 14–19 шілде аралығында күндіз 32–37 градус, ал 16–19 шілде аралығында 36–41 градусқадейін аптап ыстық болады.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 14–20 шілде аралығында ауа температурасы 30–39 градусаралығында болады.

Алматы облысында күндіз 35–39 градус ыстық күтіледі. Қонаев қаласында да ауа температурасы 37–39 градусқа дейін көтеріледі.

Батыс Қазақстан облысында күндізгі ауа температурасы 35–38 градусқа дейін жетсе, Қарағанды, Семей, Өскемен және Петропавлда күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады.

Синоптиктер Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті.

Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға, әсіресе қатты жел, найзағай және аптап ыстық кезінде алыс жолға шықпауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға шақырды.

Материал авторы