694

Петропавлда 25 жыл түрмеде отырған қылмыскер қайтадан әйелге шабуыл жасады

Күдіктіні оқиғадан кейін екі сағатқа жетпейтін уақытта электронды білезік арқылы анықтап, ұстаған.

Петропавлда 25 жыл түрмеде отырған қылмыскер қайтадан әйелге шабуыл жасады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда бұрын ауыр қылмыстары үшін 25 жыл бас бостандығынан айырылған 62 жастағы Валерий Кричиневский әйелге шабуыл жасады деген күдікпен қайта ұсталды. Бұл туралы Qazaqstan Media жазды.

Басылым мәліметінше, оқиға күндіз қала тұрғыны саяжайдан қайтып келе жатқан кезде болған.

54 жастағы әйелдің айтуынша, адам аз жүретін жерде оған бейтаныс ер адам жақындап, әңгіме бастауға әрекеттенген. Артынша әйелге шабуыл жасаған.

Жәбірленуші қарсылық көрсетіп, көмекке шақырған. Сол сәтте оқиға орнына өтіп бара жатқан адамның келуі күдіктінің әрекетіне кедергі келтірген. Осыны пайдаланған әйел босап шығып, полицияға хабар берген.

Күдікті оқиғадан кейін көп ұзамай ұсталды.

Басылымның мәліметінше, шабуыл туралы хабар түскеннен кейін екі сағатқа жетпейтін уақытта оның жеке басы анықталған.

Күдіктіні табуға әкімшілік бақылау аясында босатылғаннан кейін тағып жүрген электронды білезік көмектескен.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті 54 жастағы Петропавл тұрғынына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасауға оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті – облыс орталығының 62 жастағы тұрғыны. Ол жедел іздестіру шаралары барысында ұсталған.

Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қылмыстық істің тергелуі Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Валерий Кричиневский 1990-жылдардың соңында Петропавл мен оның маңындағы елді мекендерде жасалған бірнеше ауыр қылмысқа байланысты кеңінен белгілі болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол адам аз жүретін көшелерде, саяжай алқаптарында және қала шетіндегі аумақтарда әйелдерге шабуыл жасап, оларды тонаған әрі жыныстық сипаттағы қылмыстар жасаған.

Ең резонансты қылмыстардың бірі – 1998 жылдың желтоқсанында тоғыз жасар мектеп оқушысының қаза табуы болды.

Сот Кричиневскийді бірнеше шабуыл мен баланы өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырған.

Ол 2024 жылы жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрған.

Оның Петропавлға оралуы қоғамда қызу талқыланып, қала тұрғындары әлеуметтік желілерде өз қауіпсіздігіне алаңдайтынын ашық жазған.

Материал авторы