841

Елдің бірқатар өңірінде +41 градусқа дейін аптап ыстық болады

Қазақстанның 17 облысында дауыл ескерту жарияланды.

Елдің бірқатар өңірінде +41 градусқа дейін аптап ыстық болады
magnific.com

15 шілдеде Қазақстанның үш ірі қаласы мен 17 облысында дауылды ескерту жарияланды. Елдің бір бөлігінде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтілсе, енді бір өңірде ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі.

Астанада қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, дауыл тұрып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Алматыда ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкентте де жоғары өрт қаупі жарияланған.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғып, қатты жаңбыр жаууы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында желдің екпіні кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін күшейеді. Ақмола облысында желдің жылдамдығы 25 метрге дейін жетіп, шаңды дауыл соғуы ықтимал.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 метрге дейін күшейеді. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде күн қатты ысып, ауа температурасы +41 градусқа дейін жетеді.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде +40 градусқа дейін аптап ыстық болады. Алматы облысында күндіз +35…+38 градус ыстық күтіледі, ал Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде ауа температурасы +36 градусқа дейін көтеріледі.

Жамбыл, Түркістан, Жетісу, Ұлытау және басқа да өңірлерде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталып отыр.

Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты алыс жолға шығарда сақтық шараларын сақтап, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң орындауға кеңес берді.

Материал авторы