Арзан пәтерге сенген қарағандылықтар 70 млн теңгесінен айырылды
Тергеу мәліметінше, күдікті бірнеше жыл бойы тұрғын үйді арзан бағамен алып беремін деп азаматтардың сеніміне кірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтерді нарық бағасынан арзанға алып беремін деп тұрғындарды алдады деген күдікпен 44 жастағы әйел ұсталды. Тергеудің алдын ала мәліметіне сәйкес, алаяқтық схемасынан 11 адам зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құраған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Полицияның мәліметінше, тергеуге 9 шілдеде 29 жастағы қала тұрғынының арызы негіз болған. Оның айтуынша, биыл маусым айында күдікті салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен пәтерді нарықтағы бағадан төмен бағамен алып беруге уәде еткен. Осы сылтаумен жәбірленушіден 6 миллион теңге алып, кейін пәтерді рәсімдемеген әрі ақшаны қайтармаған.
Арыздан кейін полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстаған.
Тергеу барысында полицияға дәл осындай тәсілмен алданған тағы он адам жүгінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел 2023 жылдан бері тұрғын үйді тиімді бағамен алып беремін деп азаматтардың сеніміне кіріп, кейін олардың ақшасын иемденіп отырған.
Қазіргі уақытта анықталған материалдық шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құрайды.
Аталған факті бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп, жаңа жәбірленушілерді анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қарағанды облысының Полиция департаменті азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасау кезінде сақ болуға, ресми рәсімделмеген келісімсіз ақша бермеуге, сатушылар мен делдалдарды мұқият тексеруге және нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан тұрғын үй туралы ұсыныстарға күмәнмен қарауға шақырды.
Материал авторы