1137

Ақтөбеде мәйітті сөмкеге жасырып, қоқыс алаңына тастаған ер адам 14 жылға сотталды

Танысын өлтіріп, мәйітін сөмкеге салған зейнет жасындағы ер адамға үкім шықты.

Ақтөбеде мәйітті сөмкеге жасырып, қоқыс алаңына тастаған ер адам 14 жылға сотталды
Tengrinews.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде қоқыс алаңынан сөмкенің ішінен табылған ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкім шығарды. 62 жастағы жергілікті тұрғын танысын өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Жетінші арна» жеткізді.

Телеарнаның мәліметінше, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған. Себебі марқұмның мәйіті үлкен жолақты сөмкеге салынған күйде қаладағы мектептердің бірінің жанындағы қоқыс алаңына тасталған.

Сот материалдарына сәйкес, сотталған азамат 55 жастағы танысын өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Айыпталушы сот барысында өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, әрекетін өзін-өзі қорғау мақсатында жасағанын мәлімдеген. Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп тапқан.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Ақтөбедегі қоқыс алаңынан ер адамның мәйіті табылған болатын. Кейін куәгерлер оның үлкен сөмкенің ішінде жатқанын айтқан.

Прокурор жариялаған айыптау актісіне сәйкес, 21 ақпанда жәбірленуші айыпталушының үйіне қонаққа келген. Ішімдік ішу барысында екеуінің арасында жанжал туындап, үй иесі танысына бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақатынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Осыдан кейін күдікті мәйітті үлкен сөмкеге салып, 24 ақпанға қараған түні шанамен қоқыс алаңына апарып тастаған. Ал сөмке тек 11 наурыз күні күдік тудырып, оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор