«Адам болған жоқ»: Қазақстандық жүргізушіге «белдік тақпаған жолаушы» үшін айыппұл келді
Камера жолаушы орнына жатқан заттарды адам ретінде қабылдаған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық жүргізушіге қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы үшін айыппұл келген. Алайда оның айтуынша, көліктегі жолаушы орнында адам емес, заттар жатқан. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Threads желісіндегі жазбасында жүргізуші таңертең айыппұл туралы хабарлама алғанын айтқан. Оның сөзінше, сол сәтте көліктің алдыңғы орындығында түрлі заттар болған. Автоматты бақылау жүйесі сол заттарды қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы ретінде қате таныған болуы мүмкін.
Оқиға желі қолданушыларының назарын аударды. Кейбір пікір қалдырушылар камера немесе автоматты жүйе орындықтағы заттарды адам бейнесі ретінде қабылдауы ықтимал екенін жазды.
Ал енді бір бөлігі жүргізушілерге айыппұл төлемес бұрын құқық бұзушылық материалдарын мұқият тексеруге кеңес берді. Егер хаттамамен келіспеген жағдайда, оны заң аясында шағымдануға болатыны айтылды.
Пайдаланушылардың пікірінше, кез келген хаттама нақты болған оқиғаға негізделуі керек. Автоматты фиксация жүйелері арқылы анықталған даулы жағдайлар қосымша тексеруді қажет етеді.
Қазіргі уақытта бұл жағдайға қатысты уәкілетті органдардан ресми түсініктеме берілген жоқ.
Материал авторы