1864

Сәбиінің ішінен жеті рет пышақ сұққан ана жазадан құтылып кетті

Екі айлық сәбиді өлімнен атасы арашалап қалған көрінеді.

Сәбиінің ішінен жеті рет пышақ сұққан ана жазадан құтылып кетті
Кубань 24

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Краснодар өлкесінде екі айлық ұлын өлтіруге әрекет жасаған әйел сот шешімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жіберілді. Бұл туралы «Комсомольская правда — Кубань» басылымы жазды.

Оқиға 2025 жылдың 20 наурызында Қорғанинск қаласындағы үйлердің бірінде болған. Тергеу мәліметінше, 32 жастағы әйел сол күні екі айлық баласымен үйде қалған.

Кейін жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесінде әйелдің психикалық бұзылысы болғаны анықталған. Сол сәтте ол ас үй пышағын алып, сәбиінің іш тұсына кемінде жеті рет соққы жасаған, кейін баланы тұншықтыруға әрекеттенген.

Алайда баланың атасы оқиға орнына дер кезінде келіп, немересін құтқарып қалған.

«Әйел ұлын өлтіруге бағытталған ойын соңына дейін жүзеге асыра алмады, себебі оның әрекетін әкесі тоқтатты», — деп хабарлады Краснодар өлкесі бойынша Тергеу комитеті басқармасы.

Тергеу барысында әйелге кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу бабы бойынша іс қозғалған. Мамандар оның жасаған әрекеті кезінде өз ісінің мәнін түсіну және оны басқару қабілеті болған-болмағанын анықтау үшін кешенді сараптама жүргізген.

Сараптама қорытындысы бойынша әйелдің созылмалы психикалық ауруы бары анықталып, оның өз әрекетінің сипатын түсіну және бақылау мүмкіндігінен айырылғаны белгілі болған.

Қорғанинск аудандық соты сарапшылардың қорытындысын ескеріп, әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Оның орнына тәулік бойы медициналық бақылау жүргізілетін психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім қабылданды.

Басылым мәліметінше, алған ауыр жарақаттарына қарамастан сәби аман қалған. Қазір бала әкесінің тәрбиесінде. Оған өмірін сақтап қалған атасы да көмектесіп жүр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор