Ақтөбелік заңгер интернеттегі нұсқаулықпен есірткі сатпақ болған
Кездейсоқ таптым деген заңгер есірткіні сатуға дайындағаны үшін 7 жылға сотталып кетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде жергілікті компанияда заңгер болып жұмыс істеген 38 жастағы ер адам синтетикалық есірткіні заңсыз сақтап, оны сатуға әрекет жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Диапазон» газеті жазды.
Сот материалдарына сәйкес, полиция қызметкерлері заңгердің көлігінен синтетикалық есірткі салынған 40 бума тапқан. Сонымен қатар оның гаражы мен үйінен де бірнеше зип-пакетке салынған есірткі заттары анықталған.
Айыпталушы бастапқыда есірткіні көшеден тауып алғанын айтқан. Оның сөзінше, ол гараж маңынан белгісіз бума тауып, оның ішінде есірткі бар екенін кейін түсінген.
Алайда сот барысында ер адам заттарды қалай қолдануға және өткізуге болатыны туралы интернеттен ақпарат іздегенін мойындаған.
«Мен гараждардың жанынан жерде жатқан ораманы тауып алдым. Оның есірткі салынған жасырын орын екенін бірден түсіндім. Интернеттен оның атауын, қолдану тәсілін қарап, ақша табу үшін сатуды шештім. Сол үшін таразы, пакеттер сатып алып, есірткіні бөліп дайындадым», – деген ол сотта.
Оның айтуынша, есірткінің бір бөлігін пәтерге апарып, бір бөлігін көлігінде сақтаған, қалғанын гаражға жасырған. Алайда оны сата алмаған, себебі интернет-дүкендермен байланысы болмаған.
Сотталушы кейде есірткі қолданғанын, бірақ тәуелділігі жоқ екенін айтқан және жасаған әрекетіне өкініш білдірген.
Алайда сот оның есірткіні өткізу мақсатында сақтағанын анықтады. Нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Заңды білетін адамның өзі заңды айналып өтемін деуі кейде ең қарапайым қателіктің қайда апаратынын көрсетеді. Интернеттегі «нұсқаулықтар» қылмыстық жауапкершіліктен құтқаратын сиқырлы кітап емес, бірақ кейбіреулер оны әлі де өмірлік кеңес секілді қабылдайды.
Материал авторы