1214

ҰБТ-да 43 өлшемді аяқ киіммен келген қыз смартфон жасырған

Ереже бұзған 360-қа жуық талапкер тестілеуден бірден шеттетіліп, емтиханын жалғастыра алмады.

ҰБТ-да 43 өлшемді аяқ киіммен келген қыз смартфон жасырған
Ұлттық тестілеу орталығы

Қазақстанда биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде 890-ға жуық ереже бұзу дерегі тіркелді. Талапкерлердің басым бөлігі емтиханға смартфон мен өзге де тыйым салынған заттарды жасырын алып кіруге әрекеттенген. Бұл туралы NUR.KZ басылымы жазды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасованың айтуынша, құқық бұзушылықтардың негізгі бөлігі тестілеу басталмай тұрып анықталған.

Оның сөзінше, талапкерлер көбіне смартфон, ұялы телефон және басқа да тыйым салынған құрылғыларды емтихан залына алып өтпек болған. Ал тестілеу барысында 360-қа жуық адам ережені бұзып, сынақтан шеттетілген. Дегенмен биыл аса ерекше оқиғалар тіркелмеген.

Ал Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбек талапкерлердің жыл сайын тыйым салынған заттарды жасырудың жаңа тәсілдерін ойлап табатынын айтты.

Биыл олардың қатарында смарт-көзілдірікті алып кіру әрекеті тіркелген. Сонымен қатар смартфонды және резеңкеге бекітілген шпаргалканы жасырын өткізуге талпыныстар анықталған.

Ең қызық жайттардың бірі бойы аласа қыздың 43 өлшемді аяқ киім киіп келуі болды. Кейін белгілі болғандай, үлкен аяқ киімнің ішіне смартфон жасырылған.

Сондай-ақ брифинг барысында ҰБТ кезеңінде 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш түскені айтылды. Оның ішінде тест тапсырмаларының мазмұнына және техникалық себептерге қатысты шағымдар қаралған.

Наужан Дидарбектің мәліметінше, барлығы 152 өтініш қана қанағаттандырылған. Оның жетеуі техникалық себептер бойынша, ал 145-і тест тапсырмаларының мазмұнына байланысты мақұлданған.

Оның айтуынша, тест тапсырмалары мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандарты мен Білім министрлігі бекіткен оқулықтар негізінде әзірленеді.

Материал авторы