1180

Астанада жол белгісіне өрмелеп стриптиз билеген бойжеткенге айыппұл салынды

Лайк қуған астаналықтың биі сотпен аяқталды.

Астанада жол белгісіне өрмелеп стриптиз билеген бойжеткенге айыппұл салынды
ПД

Астанада әлеуметтік желіге контент түсіру үшін жол белгісіне өрмелеп, оның маңында би билеген 23 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдары видеоны әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықтаған. Кадрларда бойжеткен жол белгісіне шығып, оның жанында би билеген. Салдарынан қалалық инфрақұрылым нысанына зақым келу қаупі туындаған.

Полиция мұндай әрекет қоғамдық тәртіпті және қала мүлкін құрметтемеудің көрінісі екенін атап өтті. Тексеру барысында видеодағы бойжеткеннің жеке басы анықталып, оның 23 жастағы Астана тұрғыны екені белгілі болды.

Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен бойжеткенге 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Полиция әлеуметтік желідегі танымалдық, лайк пен қаралым үшін заң талаптарын бұзуға болмайтынын ескертті.

«Әсерлі контент түсіремін деген оймен кейбір азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, қала мүлкіне зиян келтіреді әрі айналасындағыларға құрметсіздік танытады», – деп мәлімдеді ведомство.

Құқық қорғау органдары мұндай құқық бұзушылықтар алдағы уақытта да анықталып, заң аясында тиісті құқықтық баға берілетінін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қалалық инфрақұрылым нысандарына ұқыппен қарауға және кез келген заңсыз әрекет жауапкершілікке әкелетінін естен шығармауға шақырды.

Полицияның мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын орнықтыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор