Қазақстанның оңтүстігінде аптап +47 градусқа дейін жетеді
Елдің бір бөлігін аптап, енді бірін нөсер мен бұршақ күтіп тұр.
17 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Елдің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы +47 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік, батыс және шығыс аймақтарда жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Орал, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні күшейеді. Петропавлда түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.
Қарағандыда түнде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ал Жезқазғанда күн жауын-шашынсыз болып, күндіз ауа температурасы +36…+38 градусқа дейін көтеріледі.
Еліміздің оңтүстігінде аптап ыстық күшейе түседі. Таразда ауа температурасы +40…+42 градусқа жетсе, Шымкент, Түркістан және Қызылордада күндіз +45…+47 градусқа дейін ысиды.
Алматы, Қонаев және Талдықорғанда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алматы мен Қонаевта күндіз ауа температурасы +40…+42 градусқа дейін көтерілсе, Талдықорғанда +37…+39 градус болады.
Елордада да жауын-шашын күтілмейді. Астанада түнде +17…+19 градус, күндіз +32…+34 градус жылы болады.
Материал авторы