Алматыда көпқабатты үйдің терезесінен құлаған 70 жастағы әжей көз жұмды
Қайғылы оқиға Алматының Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде күндіз болған.
Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлаған 70 жастағы әйел қаза тапты. Қайғылы оқиға Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әйел биіктен құлағаннан кейін алған ауыр жарақаттарының салдарынан жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм 70 жаста болған және сол тұрғын үй кешенінде тұрған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы барып жұмыс жүргізді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделенуде, сондай-ақ қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.
Полиция қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтауда. Ал марқұмның жақындары бұған дейін оның мінез-құлқынан алаңдататын өзгерістерді байқамағандарын мәлімдеді.
Материал авторы