Астанада есірткі ісі бойынша манты пісіргіш негізгі айғаққа айналды
Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернет арқылы есірткі таратып, «жасырын орын» әдісін пайдаланған.
Астанада гашиш майын сақтау және таратуға қатысы бар деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Тінту барысында полицейлер 1,5 келіден астам есірткі затын тәркілеп, іске қатысты ерекше айғақ ретінде манты пісіргішті алған. Бұл туралы Polisia.kz порталы жазды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 24 және 23 жастағы елорда тұрғындары бір подъездегі әртүрлі қабаттардан екі пәтер жалдап тұрған. Тергеу болжамынша, олар интернет-мессенджерлер арқылы есірткі сатып, арнайы жасырын орындарға қалдыру тәсілімен таратқан.
Тінту кезінде екі пәтерден сары түсті сұйық зат құйылған пластик құтылар, электронды таразылар, қаптама материалдары және есірткі сақталған ыдыстар табылған. Сарапшылардың алдын ала қорытындысына сәйкес, тәркіленген сұйықтық гашиш майы болған.
Сонымен қатар, пәтерлердің бірінің асүйінен бетінде есірткі қалдықтары бар манты пісіргіш тәркіленді. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер гашиш майын осы ыдыста ерітіп, кейін оны бөлшектеп қаптап, сатуға дайындаған.
Жалпы алғанда, полицейлер 1,5 келіден астам гашиш майы мен марихуананы тәркілеген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция заңсыз есірткі сақтау мен таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, мұндай құқық бұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды.
Материал авторы