Кісі өлтіргені үшін шартты түрде босатылған әйел Екібастұзда тағы адам өлтірді
Тергеу мәліметінше, күдікті алдымен танысына шабуыл жасап, кейін ұйықтап жатқан ер адамды өлтірген.
Екібастұзда ер адамды өлтіріп, тағы бір әйелді ауыр жаралаған 28 жастағы әйелге сот үкімі шықты. Бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталған ол шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаннан кейін арада жарты жыл өтпей қайтадан аса ауыр қылмыс жасаған. Бұл туралы irbistv.kz сайты жазды.
Қайғылы оқиға биылғы қаңтарда Екібастұз қаласындағы Энергетиктер көшесіндегі пәтерлердің бірінде болған. Тергеу мәліметінше, айыпталушы екі танысының үйіне қонаққа барып, бірге ішімдік ішкен. Кейін пәтерге тағы бір көрші әйел келгеннен кейін олардың арасында жанжал туындаған.
Жиналғандар жанжалды тоқтатқанымен, айыпталушы кек қайтаруға бел буған. Ол подъезде 34 жастағы танысына шабуыл жасап, кейін екеуі қайтадан пәтерге кірген.
Соттың мәліметінше, айыпталушы асүйден пышақ алып, әйелдің аяқ тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Зардап шегуші баспалдақ алаңына қашып шығып, есінен танып қалған.
Осы кезде пәтер иесі, 32 жастағы ер адам ұйықтап жатқан. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Қайырбековтің айтуынша, айыпталушы жәбірленушінің бірге тұратын азаматы кейін өзінен кек алуы мүмкін деп қауіптеніп, оны ұйықтап жатқан кезінде өмірлік маңызды мүшелеріне пышақ сұғып өлтірген.
Ер адам оқиға орнында қаза тапқан. Осыдан кейін әйел қайтадан подъезге шығып, жараланған танысына тағы бірнеше рет пышақ салып, басын еденге ұрған. Зардап шеккен әйел аман қалған.
Сот істі екі бап бойынша қарап, айыпталушыны 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оған 2018 жылғы үкім бойынша өтелмеген 6 айлық жаза қосылды.
Белгілі болғандай, әйел 2018 жылы да кісі өлтіргені үшін 9 жылға сотталған. Кейін ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін алты айға жетпейтін уақыт ішінде тағы бір аса ауыр қылмыс жасаған.
Материал авторы