Қазақстан әскері дрондарға қарсы күрес тәсілдерін жетілдіріп жатыр
Әскери қызметшілер байланыс жүйелерін қорғау мен ұшқышсыз аппараттарға қарсы іс-қимыл тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр.
Қазақстан Қарулы күштерінде радиоэлектрондық қорғаныс пен ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр. Оған еліміздің Қарулы күштерінің әскери қызметшілері қатысуда. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Қазіргі әскери жағдайда жауынгерлік тапсырмалардың табысты орындалуы тек қару-жарақтың қуатына ғана емес, радиоэфирді бақылау мен басқару мүмкіндігіне де тәуелді. Осыған байланысты жиын барысында әскери мамандар байланыс жүйелерін бөгде кедергілерден қорғауды, радиосигнал көздерін анықтауды және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы тиімді әрекет ету тәсілдерін меңгеріп жатыр.
43988 әскери бөлімі командирінің орынбасары, штаб бастығы подполковник Азамат Асқардың айтуынша, ұшқышсыз технологиялардың қарқынды дамуы радиоэлектрондық күрес мамандарын даярлау жүйесін үнемі жетілдіруді талап етеді.

Оның сөзінше, қазіргі заманғы қақтығыстар тек жерде немесе әуеде ғана емес, радиоэфирде де жүріп жатыр. Сондықтан радиоэлектрондық күрес саласындағы мамандарды даярлау жауынгерлік әзірліктің негізгі бағыттарының біріне айналған. Жиында заманауи радиоэлектрондық күрес құралдарын меңгерумен қатар, Қарулы күштердің әртүрлі құрылымдары арасындағы үйлесімді іс-қимылға ерекше назар аударылуда.
Сабақ барысында әскери қызметшілер байланыс пен басқару арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістерін үйреніп, ұшқышсыз аппараттарды анықтау және олардың сигналдарын басу тәсілдерін тәжірибе жүзінде пысықтауда.
Практикалық дайындық аясында қатысушылар әскери нысандардың қорғалу деңгейін бағалап, заманауи радиоэлектрондық күрес кешендерін қолдануды және оқу-жауынгерлік тапсырмалар кезінде бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді үйреніп жатыр.

51809 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Ерік Қасымбеков мұндай жиындардың тәжірибе алмасу мен кәсіби шеберлікті арттыруда ерекше маңызға ие екенін айтты.
Оның пікірінше, шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған практикалық жаттығулар әскери нысандарды қорғау және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тиімді әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында Қарулы күштердің әртүрлі құрылымдарының өкілдері ұшқышсыз технологиялардың дамуына байланысты туындап отырған жаңа қауіптерді талқылап, оларға қарсы бірлескен әрекет ету тетіктерін жетілдіруде.

Мамандардың пікірінше, мұндай оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, бөлімшелер арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтіп, жаңа технологиялық сын-қатерлер жағдайында әскери нысандарды қорғаудың тиімді әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.