Қазақстанда аптап ыстық күшейеді: кей өңірлерде температура 47 градусқа дейін жетеді
Синоптиктер кей өңірлерде аптап ыстықпен қатар нөсер, найзағай, бұршақ және екпінді жел болатынын ескертті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар аймағында алдағы күндері ауа райы күрт ысып, кей жерлерде ауа температурасы 47 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар бірнеше облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысында күндіз ауа температурасы 40–45 градусқа дейін жетеді. Облыстың шығыс бөлігінде 35–38 градус ыстық болады. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталса, солтүстік және орталық аудандарда төтенше деңгей жарияланған. Алматы қаласында күндіз 40–42 градус аптап күтіледі. Қонаев қаласында ауа температурасы 41–43 градусқа дейін көтеріледі, мұнда да төтенше өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысында да күн ыстығы күшейеді. Күндіз ауа температурасы 40–45 градусқа дейін көтеріледі. Алакөл көлдері маңында шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23–28 метрге дейін жетуі мүмкін. Таулы аймақтарда ауа температурасы 35–37 градус болады. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі және шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда күндіз 40–42 градус ыстық күтіледі.
Жамбыл облысында күндізгі температура 43–45 градусқа дейін көтеріледі. Кей аудандарда жел бағыты солтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Облыстың батысы, солтүстігі және шығысында төтенше өрт қаупі бар. Тараз қаласында да күндіз 43–45 градус аптап болады, жел күшейеді.
Қызылорда облысында ең жоғары температура күтіледі. Күндіз ауа 45–47 градусқа дейін қызады. Қызылорда қаласында да осындай ыстық болжанып отыр.
Ақтөбе облысында ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік және шығыс аудандарда түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз оңтүстікте жаңбыр, найзағай, бұршақ жауып, желдің күшеюі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Оңтүстік-шығыс бөлікте күндіз 35 градус ыстық болады. Облыстың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Атырау облысында түнде кей аудандарда аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және солтүстік-батыс бағыттағы желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Солтүстік-батыста төтенше өрт қаупі жарияланған.
Маңғыстау облысының солтүстігі, батысы және орталығында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз оңтүстік және орталық аудандарда ауа температурасы 38–42 градусқа дейін көтеріледі. Ақтау қаласында кей уақытта жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысында күндіз солтүстік пен шығыс бөліктерінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Орал қаласында да күндіз осындай ауа райы болжанып отыр: жаңбыр, найзағай, бұршақ және желдің күшеюі мүмкін.
Материал авторы