Алакөлде демалып жүрген әйел қос аяғынан айырылды
Ауыр жарақаттар мен қан жоғалту салдарынан дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін қос аяғын кесуге мәжбүр болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алакөл жағалауындағы Көктұма ауылында адам шошырлық қайғылы жағдай орын алды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларға сүйенсек, қозғалыс кезінде артқа қарай шегінген паром егде жастағы әйелді басып кеткен. Ауыр жарақат алған тұрғын шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Желідегі бұл ақпаратты Жетісу облыстық полиция департаменті ресми түрде растады. Қазіргі уақытта Алакөл ауданында орын алған осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, зардап шеккен әйел ауруханаға өте ауыр халде түскен. Оған аралас политравма, сол жақ аяғының толық үзілуі және оң жақ аяғының ішінара жұлынуы деген диагноз қойылды. Сондай-ақ науқас көп қан жоғалтып, травматикалық шок алған, артериялық қысымы тым төмендеп кеткен.
Дәрігерлер консилиумынан кейін науқастың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасалды. Хирургтер зардап шеккен азаматтың қос аяғын санның төменгі үштен бір бөлігінен кесуге (ампутациялауға) мәжбүр болған. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі кезең өте ауыр өтуде және науқас тәулік бойы мамандардың бақылауында жатыр.
Аталған оқиғадан кейін полиция қызметкерлері су көлігі иелерін, әсіресе халық жаппай демалатын орындарда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, ал демалушыларды суда барынша мұқият болуға шақырды. Еске сала кетейік, бұған дейін де Алакөлде екі гидроцикл соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірі жарақаттанған болатын.
Материал авторы