Алматыда полиция 6 бала мен олардың анасын өлімнен арашалап қалды
Отбасылық жанжалдың соңы қайғылы оқиғаға ұласа жаздады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының полиция қызметкерлері «102» пультіне түскен суыт хабардан кейін жедел әрекет етіп, әйел адам мен оның алты баласын ықтимал қасіреттен құтқарып қалды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, түн ортасында шұғыл қызметке Алатау ауданындағы жеке үйлердің бірінде бір әйелдің өзіне және шиеттей алты баласына зиян келтірмекші болып жатқаны туралы ақпарат түскен. Айтылған мекенжайға патрульдік полиция, ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспектор мен жедел жәрдем бригадасы шұғыл жетті. Үйді тексеру барысында іште алты баласымен отырған әйел анықталды. Тәртіп сақшылары оның отбасылық жанжалдан кейін ауыр эмоционалдық күйзелісте болғанын анықтады.
«Оқиға орнына келген қызметкерлердің басты міндеті — қайғылы жағдайға жол бермеу болды. Полицейлер әйелді сабырға шақырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар оларды Алатау аудандық Полиция басқармасына жеткізуді ұйымдастырды», — деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Әйелге кешенді әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету үшін жұмысқа психологтар, бейінді қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды.
Материал авторы