Павлодарда жол үстіне киімдерін жайып қойған бойжеткен жазаланды
Бойжеткен жаяу жүргіншілер өткеліне заттарын жайып, видео түсіріп, оны Instagram-ға жариялаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда жаяу жүргіншілер өткелінің дәл үстіне заттарын жайып, әлеуметтік желіге арнап тренд-видео түсірген бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Белгілі болғандай, 16 шілде күні Павлодар қаласында, әуежай маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде бойжеткен видео түсіріп, кейін оны өзінің Instagram парақшасына жариялаған. Кадрларда оның жолдың үстіне жеке заттарын жайып қойғаны көрінеді.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылардың жол жүру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Полиция өкілдері әлеуметтік желідегі қаралым мен лайк үшін ұйымдастырылатын мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертті.
Ведомствоның айтуынша, мұндай қылық ойын-сауық емес, заңмен жазаланатын құқық бұзушылық болып саналады.
Материал авторы