3868

«Орысша сөйлегенім үшін ұрды»: Гүржістандағы қонақүйде ресейлік әйелдің мұрнын сындырды (ВИДЕО)

Гүржістан полициясы ресейлік әйелдер мерекеге кедергі келтіргені үшін дау туғанын айтты.

«Орысша сөйлегенім үшін ұрды»: Гүржістандағы қонақүйде ресейлік әйелдің мұрнын сындырды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Гүржістанның Кахетия өңіріндегі қонақүйлердің бірінде ресейлік турист әйелге шабуыл жасалып, оқиғаға қатысты қарама-қайшы мәліметтер жарияланды. Жәбірленуші тарап мұның себебі орыс тілінде сөйлегені болса десе, Гүржістанның Ішкі істер министрлігі жанжалдың үйлену тойы кезінде болған келіспеушіліктен шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы «Дождь» және «Медуза» басылымдары жазды.

Жәбірленушінің құрбысы Полина Курта Instagram желісінде оқиға сәті түсірілген бейнежазбаны жариялаған. Кадрларда ер адамның қонақүй бөлмесіне кіріп, әйелдердің бірінің бетінен ұрғаны көрінеді.

Полинаның айтуынша, зардап шеккен құрбысы Юлия ауруханаға жеткізіліп, кейін екеуі полицияға түсініктеме берген.

Жәбірленушілердің өздері тергеу аяқталғанға дейін оқиғаға қатысты егжей-тегжейлі пікір білдірмейтіндерін айтты.

Жәбірленушілердің нұсқасы

Полина Куртаның сөзінше, ер адам әйелдердің балконда орыс тілінде сөйлескенін естіп, олардың бөлмесіне келген. Оның айтуынша, күдікті бөлме нөмірін қонақүй қызметкерлерінен білген болуы мүмкін.

Ал Baza Telegram-арнасының мәліметінше, Юлия құрбыларын балағаттаған ер адамға қарсы араша түскен кезде оның бетінен соққы алған. Дәрігерлер әйелдің мұрны сынғанын анықтаған.

Тағы бір куәгердің айтуынша, әйелдер той өтіп жатқан алаңға қараған балконы бар бөлмеде демалып отырған. Қыздардың бірі шампан бөтелкесін ашқаннан кейін төмендегілер олардың диджей жабдығына зақым келтіргенін айтқан. Кейін екі тарап арасында сөзге келу болып, артынша ер адам бөлмеге кіріп, қыздарды орыс тілінде сөйлеп, мерекеге кедергі келтірді деп айыптаған.

Гүржістан ІІМ не дейді?

Гүржістан Ішкі істер министрлігі оқиғаға мүлде басқа түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, жанжал шетелдік қонақтардың балконнан той қонақтарын балағаттап, музыкалық жабдыққа су шашуынан басталған. Осыдан кейін төбелес шығып, ер адам шетелдік әйелді ұрып жіберген.

Күдікті қасақана жеңіл дене жарақатын салды деген айыппен ұсталды. Егер кінәсі дәлелденсе, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қонақүй әкімшілігінің мәлімдемесі

Agarani Estate қонақүйінің әкімшілігі болған оқиғаның жекелеген қонақтардың әрекетіне байланысты екенін айтып, бұл жағдай мекеменің ұстанымын білдірмейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ қонақүй өкілдері қызметкерлер бөлме нөмірлері туралы ақпарат таратпағанын және жанжалға ешқандай қатысы болмағанын атап өтті.

Зардап шеккен әйел туралы не белгілі?

Ресейлік БАҚ жәбірленушіні Ресейден келген турист ретінде жазған. Алайда Полина Курта оның Украинада туғанын, қазір Ресейде тұратынын және орыс тілінде сөйлейтінін айтты.

Оның сөзінше, олар Гүржістанға Украинадан келген достарымен бірге туған күнді атап өту үшін барған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор