Атыраудағы үйдің қолжуғышынан жылан шығып, жұртты шошытты
Жұрт енді жыландар ванна мен унитаздан шыға ма деп қорқып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Кадрларда тұрғын үйдегі қолжуғыштың су ағатын тесігінен жыланның сыртқа шығып келе жатқаны көрінеді.
Бейнежазбаны жариялаған автор тұрғындарды сақ болуға шақырып, мұндай жағдайдың алаңдататынын жеткізді.
«Абай болайық. Енді жыландар үйлерге, кафелер мен мейрамханаларға да кіріп кететін болған» – деп жазды ол.
Желіде кең тараған видео аз уақыттың ішінде мыңдаған қаралым жинап, қызу пікірталас тудырды. Көпшілік мұндай көрініс өзін шошытқанын жасырмады.
Кейбір қолданушылар әзіл-шыны аралас пікір қалдырса, енді бірі жағдайға сабырмен қарауға шақырды. Олардың айтуынша, видеода улы емес су жыланы бейнеленген.
«Бұл – кәдімгі су жыланы. Ешкімге зияны жоқ, улы емес», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Әзірге оқиғаға қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме жарияланған жоқ.
Материал авторы