1146

«Ақша жетпей жатыр»: Үш әйелі бар блогер тағы бір әйел алмақшы

Блогер әйелдерінен 9 баласы барын айтты.

«Ақша жетпей жатыр»: Үш әйелі бар блогер тағы бір әйел алмақшы
instagram.com/bakytzhanuly.bauyrzhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Instagram желісінде блог жүргізетін қазақстандық Бауыржан Бақытжанұлы үш әйелімен және тоғыз баласымен бірге тұратын отбасы туралы жарияланымдарынан кейін тағы да қоғам талқысына түсті. Бұл туралы NewTimes.kz басылымы жазды.

Блогердің айтуынша, көп әйел алуға келуі күтпеген жағдайдан басталған.

«2017 жыл. Күніне 4 мың теңге жалақы алатын сатушы болып жұмыс істедім. Уақытша үйде тұрдық: мен, Рабия, қызымыз және әжеміз. Бір күні кешке үйге келсем, Рабия: "Бауыржан, тағы бір әйел алғың келмей ме?" деді. Сөйтіп көп әйел алуға жол ашылды», – деді ол.

Бауыржан Бақытжанұлы әлеуметтік желіде отбасылық өмірі туралы жиі әңгімелеп, оқырмандарының сұрақтарына ашық жауап береді.

Оның сөзінше, әйелдері өмірінің сәні ғана емес, тыныштығы да. Әрқайсысының өз мінезі, арманы мен уайымы бар екенін айтқан блогер Аллаға өзін қолдап, шабыттандыратын жандарды жолықтырғаны үшін шүкіршілік ететінін жеткізді.

Сонымен қатар ол өзін мінсіз күйеу санамайтынын, бірақ әйелдері өзін қауіпсіз әрі сүйікті сезінуі үшін күн сайын бар күшін салатынын айтты.

Бұған дейін Бауыржан Бақытжанұлы отбасының қаржылық қиындыққа тап болғанын мәлімдеген еді.

«Біз бақытты өмір сүріп жатырмыз. Біздің жалғыз мәселеміз – қаржының жетіспеуі. Отбасымызға ақша жетпейді», – деген болатын.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Кейбір қолданушылар блогерді көп әйел алғанымен, үлкен отбасын қамтамасыз ете алмайтыны үшін сынаса, енді бірі оның ислам талаптарын бұрмалап отырғанын алға тартты.

Сын пікірлерден кейін Бауыржан Бақытжанұлы өз сөзінің қате түсіндірілгенін айтты.

«Бұл сөзімді кейбір пабликтер мен хейтерлер біз аштан өліп жатқандай етіп жеткізді. Өз бастарыңмен де аздап ойланыңдар. Қазір қаржының жетіспеуінің себебі – балалардың көбейгені. Көбі мектепке, балабақшаға бара бастады. Бұрын шығынға онша мән бермейтінбіз: көп жұмсадық, тәуекелге бардық, бизнес аштық, саяхаттадық, эмоциямен сауда жасадық. Қазір үнемдеуге, кей нәрседен бас тартуға тура келеді. Жалпы, қаржы тапшылығы қазір тек біздің емес, көптеген отбасының мәселесіне айналған», – деді ол.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор