Алматыда ер адамды есірткі тығып жүрген адаммен шатастырып ұрып тастаған
Жәбірленуші жоғалған затын іздеп жүргенін айтып, ауыр соққының астында қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жоғалған затын іздеп жүрген тұрғынды белгісіз ер адам есірткі жасырылған орынды іздеп жүр деп ойлап, соққыға жыққан. Күдікті жедел ұсталды.
Оқиға Алматы қаласының 6-шағынауданында болған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіттің соққыға жығылғаны туралы хабар түскен бойда Әуезов ауданындағы патрульдік полиция экипаждары оқиға орнына дереу жетіп, күдіктіні қолға түсірген.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған азамат көшеде жүрген ер адамды есірткі жасырылған орынды іздеп жүрген адам деп күдіктенгенін айтқан. Алайда жәбірленуші өзінің тек жоғалтып алған затын іздеп жүргенін мәлімдеген.
Оқиға салдарынан жас жігіт дене жарақатын алған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, ол медициналық тексеруден өткізу үшін ауруханаға жеткізілді.
Полицияның хабарлауынша, жанжалдың нақты себебі мен барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.
Материал авторы