Ерболат Мұхамеджан Respublica партиясы төрағасының кеңесшісі болып тағайындалды
Белгілі тележурналист жаңа қызметке кірісті.
Белгілі тележурналист әрі продюсер Ерболат Мұхамеджан Respublica партиясы төрағасының кеңесшісі және партияның ресми өкілі болып тағайындалды.
Ерболат Мұхамеджан – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Ол әр жылдары республикалық телеарналарда қызмет атқарып, бірқатар сараптамалық бағдарламалардың авторы болды. Сонымен қатар медиа саласында білім беру жобаларын жүзеге асырып, телевизиялық контент әзірлеумен айналысты.
Бұған қоса, оның білім беру және мемлекеттік басқару бағытында да тәжірибесі бар. Әр жылдары Maqsut Narikbayev University университетінде басшылық қызметтер атқарып, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі жүйесінде жұмыс істеген.
Ерболат Мұхамеджан халықаралық кәсіби тағылымдамалардан өткен. Атап айтқанда, Гонконг пен Лондондағы Bloomberg TV арнасында тәжірибе жинақтап, Еуропалық одақтың Брюссельдегі білім беру бағдарламаларына және Оңтүстік Кореяда өткен World Journalists Forum халықаралық форумына қатысқан.
Қазіргі таңда ол медиа жобаларды әзірлеу және іске асырумен айналысып, бірнеше телевизиялық жобаның авторы ретінде танылған.