Соқыр атасы мен нәрестенің көзінше 2 сынып оқушысын зорлаған қаскөй өмір бойына сотталды
Жамбыл облысында ер адам үйге сылтаумен кіріп, ересектердің жоқтығын өз арам ойына пайдаланған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында заңды өкілдерінің жоқтығын пайдаланып, кішкентай қызға қатысты ауыр қылмыс жасаған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Тергеу материалдарына сүйенсек, ол үй иелерінің жоқтығын сылтау етіп, іште тек зағип қария мен екі бала отырған баспанаға сұраусыз баса-көктеп кірген.
Сұмдық оқиға өңірдегі ауылдардың бірінде болған. Отбасының туысы болып келетін ер адам үйге «Wi-Fi паролін білу» деген сылтаумен келген. Сосын үйде ересектердің жоқтығын, әрі жасы келген атаның жанары көрмейтінін біліп, екінші сынып оқушысына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Сол сәтте үйде шарана да ұйықтап жатқан.
Бүлдіршін кешке қарай анасы келгенде денесінің ауырсынуына шағымданып, болған жайтты айтып берген. Анасы дереу полиция шақыртқан. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы қылмыс орын алған диваннан мата мен микроталшық үлгілерін жинап алды.
Жүргізілген тергеу амалдары мен сараптама қорытындылары айыпталушының кінәсін толықтай дәлелдеді. Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы