Аида Балаева мәйіттік донорлыққа келісім беретінін ашық айтты
Министр қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға ресми келісім беретінін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда мәйіттік донорлықты дамыту мәселесіне қатысты өз ұстанымын жариялап, өзі қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім беретінін мәлімдеді.
Аида Балаева Facebook парақшасында жариялаған жазбасында адамның өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі ешнәрсемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық екенін атап өтті.
Оның айтуынша, «Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильмі трансплантологияның техникалық мүмкіндіктерін ғана емес, өмірге деген үмітті, жақынынан айырылған адамдардың қайғысын және адам рухының күшін терең сезінуге мүмкіндік береді.
Министрдің келтірген мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 4 739 адам ағза трансплантациясын күтуде, олардың 125-і – балалар. Елдегі трансплантация операцияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың көмегімен жасалады. Ал мәйіттік донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Аида Балаева ағза доноры болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы екенін айтты. Оның пікірінше, бұл мәселеде ешқандай қысым немесе мәжбүрлеуге жол берілмеуі тиіс.
«Бұл мәселеде екі тарапты да түсіну маңызды. Бір жағында – донорлық ағзаны күтіп, өмір үшін күресіп жүрген адамдар бар. Екінші жағында – ең жақын адамынан айырылған отбасы тұр. Сондықтан әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешімі құрметтелуі қажет», – деді ол.
Министр өз ұстанымын да ашық жеткізді.
«Егер бір күні жақындарымның алдында осындай таңдау тұрса, олардың өмір сүруге бар күшін салып жүрген адамдарға мүмкіндік берудің қаншалықты маңызды екенін түсінгенін қалаймын. Сондықтан мен қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім беремін», – деп мәлімдеді Аида Балаева.
Оның сөзінше, бір адамның шешімі екінші адамға өмір сүруге мүмкіндік сыйлауы мүмкін. Сондықтан мәйіттік донорлық тақырыбы қорқыныш тұрғысынан емес, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылануы тиіс.
Материал авторы