901

Нөсер, бұршақ, аптап: еліміздің көптеген өңірінде ауа райы күрт бұзылады

Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды.

Нөсер, бұршақ, аптап: еліміздің көптеген өңірінде ауа райы күрт бұзылады
Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның көптеген өңірінде 23 шілдеге дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел, шаңды дауыл, аптап ыстық және өрт қаупінің жоғары деңгейі туралы ескертті. 

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 23 шілде, бейсенбі күні еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт нашарлайды.

Ең күрделі метеожағдай Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында күтіледі. Бұл өңірлерде кей жерлерде қатты нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түседі және желдің екпіні секундына 25–28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Астанада да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ жауу ықтималдығы бар.

Синоптиктер Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының таулы аудандарына ерекше назар аударуға шақырды. Бұл өңірлерде өте қатты жаңбыр күтіліп, Іле Алатауы, Күнгей Алатауы, Теріскей Алатауы, Жетісу Алатауы мен Қазақстан Алтайы аумағында сел жүру қаупі бар.

Сонымен қатар 23–25 шілде аралығында Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аумақтарында беткейлік ағын күшейіп, өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін.

Ал еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында аптап ыстық сақталады.

  • Маңғыстау облысында ауа температурасы 38–40 градусқа дейін;

  • Атырау облысында 35–39 градусқа дейін;

  • Батыс Қазақстан облысында 35–38 градусқа дейін;

  • Ақтөбе облысында 35–36 градусқа дейін көтеріледі.

Бұдан бөлек, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстарындажоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауға, төтенше жағдайлар қызметінің хабарламаларын жіті бақылауға және өрт қаупі жоғары немесе таулы аймақтарға барудан уақытша бас тартуға кеңес берді. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор