Бескөлде ер адам ірімшікке қақалып, бір өліп-тірілді
Ірімшіктің кесірінен ер адам клиникалық өлім жағдайына түскен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем қызметкерлері тыныс алу жолына ірімшік тұрып қалған 50 жастағы ер адамның өмірін аман алып қалды. Ол клиникалық өлім жағдайына түскен. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы жазды.
Оқиға 11 шілде күні кешке Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында болған. 103 қызметіне хабарласқан тұрғын 50 жастағы ер адамның тұншығып жатқанын айтқан.
Фельдшерлер оқиға орнына жеткен кезде науқас клиникалық өлім жағдайында болған. Электрокардиограммада жүректің электрлік белсенділігі байқалғанымен, тамыр соғысы анықталмаған.
Дәрігерлер халықаралық ACLS хаттамасына сәйкес шұғыл реанимациялық шараларды бастаған. Олар жүрекке жанама массаж жасап, өкпені жасанды желдетуге қосып, көктамыр арқылы адреналин енгізген.
Тікелей ларингоскопия кезінде мамандар науқастың тыныс алу жолынан чечил ірімшігінің бөлігін алып шыққан. Осыдан кейін оған кеңірдекке интубация жасалған.
Көп ұзамай ер адамның ұйқы артериясынан тамыр соғысы қайта сезілген. Жедел жәрдем көлігінде ол өздігінен тыныс ала бастағандықтан, интубациялық түтік алынып, қан қысымы арнайы дәрілік препараттармен тұрақтандырылған.
Науқас Қызылжар аудандық ауруханасына есін жиған күйде жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Материал авторы