СҚО-да дәрігерді ұрған ер адам сотталды
Әйел дәрігер шабуыл салдарынан дене жарақатын алып, қызметін жалғастыра алмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне күш қолданған жергілікті тұрғын 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 23 маусым күні түске қарай Шал ақын ауданындағы Ұзынжар ауылының маңында болған.
Айыпталушы мас күйінде қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне шабуыл жасаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол әйелдің оң жақ сирағынан теуіп, іш тұсына соққы жасаған. Кейін екі қолынан ұстап, күш қолданған.
Салдарынан медицина қызметкері дене жарақатын алып, физикалық ауырсыну сезінген. Сонымен қатар күдіктінің әрекеті дәрігердің өз қызметін атқаруына кедергі келтірген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері құқық бұзушыны тоқтатқан.
Сот барысында айыпталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, жиналған дәлелдермен және өзінің мойындау жауабымен толық дәлелденді.
Шал ақын ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 380-3-бабының 3-бөлігі («Медицина қызметкерінің қызметтік міндетін атқаруына байланысты оған күш қолдану») бойынша кінәлі деп таныды.
Қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот оған қауіпсіздігі ең төменгі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы