Алматыда көп әйелі барын айтып мақтанған блогер жазаланды
Полиция көп әйел алуды насихаттау Қазақстан заңнамасы мен моральдық қағидаларға қайшы екенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желіде көп әйел алуды насихаттап, полигамиялық отбасын ашық көрсеткен ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полициясы жазды.
Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылық интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Тексеру кезінде ер адамның әлеуметтік желідегі парақшасында көп әйел алуды қолдап, өзінің бірнеше әйелімен бірге тұратынын көрсететін жарияланымдар жариялағаны белгілі болған. Құқық қорғау органдары мұндай контенттің Қазақстан заңнамасының талаптарына және қоғамдағы моральдық-этикалық қағидаларға қайшы келетінін атап өтті.
Парақша иесінің жеке басы жедел анықталып, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша заңға қайшы контент жариялағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицияның хабарлауынша, профилактикалық әңгімеден кейін азамат әлеуметтік желідегі даулы жарияланымдарын өз еркімен өшірген.
Ведомство өкілдері заң талаптарына қайшы келетін мінез-құлық үлгілерін насихаттайтын, отбасы институтына деген құрметті әлсірететін әрі жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтіретін контентті тарату заңмен көзделген жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Сондай-ақ полиция мұндай шаралар құқық бұзушыларды жауапқа тартумен қатар, цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және сөз бостандығы, қоғамдық мүдде мен заң талаптары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталғанын мәлімдеді.
Материал авторы