«Багажға салып алған»: Ақтөбеде жолдағы жанжал адам ұрлаумен аяқталды
Күдіктілер жәбірленушіні үйінің маңында күтіп, таксиден күштеп алып шыққан көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде жол үстінде болған жанжалдың соңы адам ұрлауға ұласты. Бір топ ер адам тұрғынды күштеп көліктің жүксалғышына салып әкеткен. Күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті жазды.
Полицияның мәліметінше, 102 арнасына бірнеше адамның ер адамды күштеп көліктің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Адам ұрлау сәті оқиға орнынан өтіп бара жатқан көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Кейін бұл жазба қылмыстың мән-жайын анықтау барысында негізгі дәлелдердің бірі ретінде пайдаланылған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында арнайы жасақ сарбаздарының қолдауымен күдіктілер отырған Lexus маркалы автокөлік тоқтатылып, ондағы азаматтар ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға жол үстіндегі жанжал себеп болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатып, жүргізушіге жолдағы әрекеті үшін ескерту жасаған. Осыдан кейін екеуінің арасында сөзге келу орын алған.
Кейін күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына келіп, оны күтіп тұрған. Ер адам таксимен шыққан кезде олар көлікпен жолын бөгеп, таксиді тоқтатқан. Артынша жәбірленушіні күштеп көліктен шығарып, Lexusавтокөлігінің жүксалғышына салып алып кеткен.
Аталған дерек бойынша адам ұрлау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Материал авторы