990

Атырауда әйелінің көңілдесінен 2,5 млн теңге талап еткен ер адам ұсталды

Полиция күдіктіден қылмыстық жолмен алынған ақшаны тәркілеп алды.

Атырауда әйелінің көңілдесінен 2,5 млн теңге талап еткен ер адам ұсталды
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында 35 жастағы ер адам ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздық себеп болған. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, Индер ауданының тұрғыны әйелін басқа ер адаммен бірге ұстап алған. Осыдан кейін екі ер адамның арасында жанжал туындаған.

Күдікті қарсыласын соққыға жығып, одан 2,5 миллион теңге талап еткен деген болжам бар. Жәбірленуші ақшаны беруге келіскенімен, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Одан кейінгі барлық әрекет полицияның бақылауымен жүргізілген.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіні ұстау кезінде оның жанынан 2 миллион 200 мың теңге тәркіленген.

«Тінту барысында күдіктіден қылмыстық жолмен алынған 2 миллион 200 мың теңге тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – деді Атырау облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі.

Қазір полиция істің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты құқық қорғау органдары оқиғаның өзге егжей-тегжейін және қылмыстың ықтимал себебін жариялаған жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор