«Алтыналмас» кәсіпорнында конвейер машинисі қаза тапты
Конвейер машинисінің қазасына не себеп болғанын уәкілетті органдар анықтап жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Алтыналмас» АҚ-ның өндірістік нысандарының бірі – «Пустынное» тау-кен байыту комбинатында қайғылы оқиға болып, конвейер машинисі қаза тапты.
Компанияның Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қайғылы жағдай 2026 жылғы 23 шілде күні сағат 11:30 шамасында болған.
Апат салдарынан «Пустынное» тау-кен байыту комбинатының алтын өндіру фабрикасында жұмыс істеген конвейер машинисі оқиға орнында көз жұмған.
Компания мәліметінше, қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын уәкілетті мемлекеттік органдар анықтап жатыр.
«Алтыналмас» АҚ марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтып, қаза болған қызметкердің отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар компания оқиғаға қатысты расталмаған немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауға шақырды. Мұндай мәліметтер кәсіпорынның іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Компания жұртшылықты тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпорынның ресми ақпараттарына сүйенуге шақырды.
Материал авторы