Әкесінің қазасынан кейін ресейлік әнші Қазақстандағы концертін тоқтатты
Әнші МакSим қайғылы жағдайдан кейін ауруханаға жатқызылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік танымал әнші МакSим (Марина Абросимова) денсаулығына байланысты Қазақстандағы концертін өткізбейтін болды. Өнер иесі 25 шілдеге жоспарланған Павлодардағы концерттің кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.
Әнші бұл туралы Instagram парақшасындағы Stories бөлімінде хабарлады. Оның айтуынша, бірнеше күн бұрын әкесі өмірден өткеннен кейін ауыр күйзеліс салдарынан денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылған.
«Өкінішке қарай, 25 шілдеде Павлодарда өтуі тиіс концертім болмайды. Бірнеше күн бұрын отбасымызда орны толмас қайғы болды – әкем дүниеден өтті.
Қазір өмірімнің ең ауыр кезеңдерінің бірін бастан өткеріп жатырмын. Күшті күйзелістің салдарынан денсаулығым нашарлап, ауруханаға жатқызылдым. Қазір ем қабылдап жатырмын», – деп жазды әнші.
МакSим дәрігерлердің оған әзірге ұшақпен ұшуға және сахнаға шығуға тыйым салғанын айтты. Оның сөзінше, толық сауығып шыққанға дейін концерттік қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр.
«Сіздермен кездесуді қанша қаласам да, дәл қазір концертті өткізе алмаймын. Бұл шешім үшін кешірім сұраймын. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендеріңізге рақмет. Жақындарыңызды бағалаңыздар», – деді өнер иесі.
Еске салайық, 20 шілдеде Марина Абросимова отбасында қайғылы жағдай болғанын хабарлаған еді. Оның әкесі ұзақ жылдар бойы онкологиялық дертпен күресіп, өмірден озған.
Материал авторы