Алматыда 52 мың дана заңсыз монтаж желімі тәркіленді
Тәркіленген контрафактілік құрылыс өнімдерінің жалпы құны 5 миллион теңгеден асып жығылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының Әділет департаменті мен Киберполиция бөлімшесі бірлесіп, халықаралық құқық иеленушіге тиесілі тауар белгісін заңсыз пайдалану дерегінің жолын кесті. Тәртіп сақшылары мен уәкілетті органдар ауқымды операция барысында ірі көлемдегі контрафактілік өнімді сауда айналымынан шығарды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, құзырлы органдар халықаралық компанияның тауар белгісіне ұқсас белгілерді заңсыз қолдану фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізген. Рейд барысында заңсыз айналымнан халықаралық тауар белгісіне шатастыратындай дәрежеде ұқсас етіп белгіленген 52 мыңнан астам монтаж желім тәркіленді.
Тәркіленген контрафактілік өнімнің жалпы нарықтық құны 5 миллион теңгеден асады. Тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті лауазымды тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы тиісті хаттамалар толтырды.
Іс материалдары мәселені мәні бойынша қарау және процестік шешім қабылдау үшін жақын арада сотқа жіберіледі.
Материал авторы