1099

Алматыда «Гелендвагенмен» соқтығысқан көліктегі екі бойжеткен қаза тапты

Жарақат алған өзге жолаушылар мен жүргізуші ауруханаға жеткізілді.

Алматыда «Гелендвагенмен» соқтығысқан көліктегі екі бойжеткен қаза тапты
Zakon.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Алатау ауданында түн ортасында екі адамның өмірін қиған ажалды жол апаты орын алды. Қайғылы оқиға 27 шілдеге қараған түні сағат 03:10 шамасында болған.  

Алдын ала алынған мәліметтерге сүйенсек, Suzuki маркалы автокөлікті тізгіндеген жүргізуші Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, Шарипов көшесінің қиылысында кері бұрылмақ болған. Осы сәтте ол шығыс бағытта келе жатқан Mercedes («Гелендваген») көлігімен соқтығысқан.

Соққының жойқын болғаны сонша, Suzuki автокөлігінің жүргізушісі мен оның бір жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал аталған көліктің тағы бір жолаушысы мен Mercedes жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен дереу ауруханаға жеткізілді.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, екі адамның өліміне әкеп соқтырған бұл қайғылы оқиға бойынша Анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта апаттың нақты мән-жайы анықталуда.

Материал авторы