Бұдан екі жыл бұрын Белградта өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алып, қазақтың Ломаченкосы атанып кеткен түркістандық Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық, Джизак облысының өкілі Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді.
Бірінші раунда Махмұд соққыларын дәл жұмсап, төрешілердің бәрін өзіне бұрды – 5:0. Екінші кезеңде бес қазының төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Үшінші раундта М.Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Сөйтіп оны бет қаратпай, айқын басымдылықпен ұтты.
Осылайша, Махмұд Сабырхан Санжар Тәшкенбайдан кейін Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.